Almaty Museum of Arts (ALMA) — Алматы қаласындағы музей, заманауи өнерді ұсыну және зерттеу жөніндегі мәдени кешен.
Мұнда қазақстандық меценат Нұрлан Смағұловтың 30 жылда жинаған жеке коллекциясы қойылған. Өңірдегі ең ірі жеке коллекцияның бірі саналатын жинақта жалпы саны 700-ден аса туынды бар.
Музей мәдени диалог құруға және идея алмасуға ықпал етіп, аймақ өнері туралы дискурс қалыптастыруға және оны зерттеуге бағытталған.
Ғимарат сырты алюминий мен әктаспен қапталған екі L-пішінді құрылымнан тұрады. Олардың жалпы ауданы — 9400 шаршы метр. Арасында Art Street — биіктігі 18 метр болатын мұражайдың орталық кеңістігі бар.
Кеңістік Музейде екі негізгі көрме залы бар: Ūly Dala – аумағы 1000 шаршы метр уақытша көрмелер залы. Биіктігі 12 метр болатын бұл залда жылына екі рет арнайы көрмелер өтеді. Saryarqa – музей коллекциясынан ауыспалы тақырыптық көрмелер ұсынатын тұрақты көрме залы.
Бұған қоса, Ричард Серра, Ансельм Кифер, Яеи Кусама және Билл Виола секілді суретшілердің тұрақты коллекциясына арналған арнаулы бөлмелер бар. Келушілер музей аумағынан Йинка Шонибаре, Жауме Пленса және Алисия Кваде сияқты айтулы шетелдік шеберлер Алматы музейіне арнап жасаған монументал мүсіндерді де көре алады.
Көрме кеңістігінен бөлек, мұнда лекциялардан бастап камералық концерттер мен кинокөрсетілімге дейінгі түрлі іс-шара өткізуге арналған Әл-Фараби залы бар. Музей аясында үйретумен айналысатын Шеберхана, қалпына келтіру залы, өнер туындыларына арналған кәсіби қор сақтау орны, кафе және дүкен қызмет көрсетеді.
Дереккөздер
Сілтемелер Музейдің коллекциясы туралы
Санат:2025 жылы ашылған музейлер Санат:Алматы мұражайлары Санат:Қазақстан өнері