«Балқаш» атом электр станциясы (Балқаш АЭС) (қысқаша – Балқаш АЭС; орысша: «Атомная электростанция „Балхаш“», ағылшынша: Balkhash Nuclear Power Plant) – Қазақстан Республикасының оңтүстігінде Алматы облысындағы Балқаш көлі жағалауында, Үлкен ауылы маңында орнасатын, электр энергиясын өндіруге арналған атом электр станциясы. Бұл нысан Қазақстан тарихындағы алғашқы АЭС.

Тарихы Қазақстанда атом энергетикасын дамыту және алғашқы АЭС салу мәселесі бірнеше жыл талқыланғаннан кейін жалпыұлттық референдумға шығарылды. 2024 жылғы 6 қазанда өткен референдумда дауыс берген азаматтардың көпшілігі елде атом электр станциясын салуды қолдады.

2025 жылы Үлкен ауылы маңындағы алаң Үкімет шешімімен бірінші АЭС құрылысының ресми орны ретінде бекітілді. 2025 жылдың тамызында Үлкенде инженерлік-геологиялық және басқа да іздестіру жұмыстары ресми түрде басталды. 2025 жылғы 10 қазанда атау беру конкурсының нәтижесі бойынша станцияға «Балқаш» атауы ресми түрде таңдалып, жарияланды.

Хронологиясы 1998 – Қазақстанда жаңа АЭС салу идеясы талқылауды бастады. 2022 маусым – Үлкен ауылы маңындағы Балқаш жағалауы АЭС орны ретінде алдын ала таңдалды. 2024 жылғы 6 қазан – АЭС салу туралы референдум, құрылысқа қолдау. 2025 наурыз – Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрылды. 2025 маусым – Балқаш маңы бірінші АЭС ауданы ретінде бекітілді, «Росатом» – консорциум көшбасшысы. 2025 жылғы 8 тамызда Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу жобасы аясындағы алғашқы жұмыстар – оңтайлы алаңды таңдау мен жобалық құжаттаманы дайындауға арналған инженерлік ізденістер басталды. «Росатом» 2025 жылы Қазақстанмен ВВЭР-1200 үлгісіндегі екі атом энергоблогын салу жөніндегі жол картасына қол қойды. 2025 қазан – жалпыұлттық конкурс нәтижесі бойынша атауы «Балқаш» АЭС болып бекітілді. 2026 қаңтар – сол аудан екінші АЭС мүмкін орны ретінде де белгіленді. 2026 мамыр – құрылыс 2027 жылы басталып, толық іске қосу 2030 жылдардың ортасына жоспарланғаны жарияланды. 2026 жылғы 2 ақпанда премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан үкіметінің 2026 жылғы 26 қаңтардағы №40 қаулысына қол қойды. Құжатта екінші атом электр станциясын салу қарастырылған. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасады. Екінші АЭС-тің жұмыс атауы – «Мойынқұм». 2029 (жоспар) – бірінші бетонды құю және негізгі құрылыс фазасы. АЭС-ті толық іске қосу 2030 жылдың орта тұсына жоспарланып отыр

2026 жылғы 17 сәуірде президент «Қазақстан Республикасының атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын» бекітті. Құжатқа сәйкес, 2050 жылға қарай Қазақстанда кемінде үш АЭС жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар төртінші станция салу жобасы да қарастырылған. Шағын модульдік реакторлар (ШМР) негізінде АЭС салу нұсқалары да зерттеледі. Атом электр станциялары Қазақстанның батысында, Курчатовта және Қостанайда салынуы мүмкін.

Орналасуы Балқаш АЭС Алматы облысы Жамбыл ауданы аумағында, Балқаш көлінің оңтүстік жағалауындағы Үлкен ауылына жақын жерде салынбақ. Алаңды таңдау кезінде су ресурстарына жақындығы, сейсмикалық қауіпсіздік, энергетикалық жүйеге қосылу мүмкіндіктері мен инфрақұрылымның дамуы ескерілген.

Атауы 2025 жылғы 5 қыркүйекте құрамына қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, сондай-ақ атом энергетикасы, филология және тарих салаларының сарапшылары кірген Конкурс комиссиясы құрылды. Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру үшін 2025 жылғы 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында eGov Mobile платформасы арқылы жалпыұлттық конкурс өткізілді. Түскен барлық өтінімдерден 10 460 бірегей нұсқа анықталды. Өңдеу барысында кириллица, латын әрпі және мағыналас сөздер сияқты жазудың түрлі формалары да ескерілді.

Конкурс комиссиясының отырысында ең танымал 100 атау қаралды. «Балқаш» атом электр станциясы» атауын 882 азамат ұсынды және ол танымалдығы бойынша қорытынды рейтингте бірінші орын алып, конкурс жеңімпазы атанды. Конкурс комиссиясы атаудың үш тілдегі ресми нұсқасын бекітті: қазақша – «Балқаш атом электр станциясы», орысша – «Атомная электростанция „Балхаш“», ағылшынша – Balkhash Nuclear Power Plant.

Құрылыс және іске қосу жоспарлары Алдын ала жоспар бойынша Балқаш АЭС құрылысының негізгі кезеңі 2027 жылы басталып, нысанды кезең-кезеңімен іске қосу 2030 жылдардың басына жоспарланып отыр. Жобалық құжаттарда алғашқы бетон құю мерзімі ретінде 2029 жыл көзделген, нақты кесте инженерлік ізденістер мен жобалық-сметалық құжаттаманы аяқтауға қарай нақтыланады. Станцияны салу үшін инфрақұрылымдық дайындық, жол, электр желілері мен әлеуметтік нысандарды дамыту жұмыстары Үлкен ауылы маңында жүргізіліп жатыр.

Техникалық сипаттамалары Балқаш АЭС екі энергоблоктан тұратын ірі атом станциясы ретінде жоспарланған. Жобалық электр қуаты шамамен 2400 МВт, яғни әр энергоблоктың қуаты 1200 МВт деңгейінде болады деп қарастырылған. Реакторлар типі ретінде заманауи су-сулы энергетикалық реакторлар – ВВЭР-1200 технологиясы қарастырылған, ол халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын генерация III+ санатына жатады. Құрылыс аяқталғаннан кейін станция Қазақстанның біріктірілген энергетикалық жүйесіне қосылып, елдің оңтүстік өңірлеріне және жалпы ұлттық жүйеге базалық электр қуатын жеткізеді.

Жобаны жүзеге асыратын ұйымдар Балқаш атом электр станциясын салу жобасын жүзеге асыруға Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясы жетекшілік ететін халықаралық консорциум тартылған. Қазақстан жағынан жобаны үйлестіру мен атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен уәкілетті мемлекеттік органдар қадағалайды.

Құны «Росатомның» қатысуымен салынатын екі энергоблоктың алдын ала құны шамамен 15 млрд доллар деп бағаланған. Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Ресей Қазақстанға АЭС құрылысына қажет қаражаттың 85%-ын несие түрінде беретінін, қалған 15%-ын Қазақстан үкіметі қаржыландыратынын айтқан болатын. 6,4 млрд доллар – екі энергоблоктың тікелей құны. Оның шамамен 2 млрд доллары физикалық қауіпсіздік жүйесі мен әлеуметтік инфрақұрылымға бағытталады.

Қоғамдық пікір Қазақстан қоғамында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша әртүрлі көзқарастар бар: бір бөлігі оны экономикалық даму мен энергия қауіпсіздігі үшін қажет деп санаса, енді бір бөлігі экологиялық және техногендік тәуекелдерге алаңдаушылық білдіреді. Қоғамдық талқылаулар, ақпараттық науқандар мен референдумдар АЭС құрылысы жөніндегі шешімнің ашықтығын қамтамасыз етуге және халықтың қатысуын кеңейтуге бағытталды.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан атом электр станциялары Санат:Жамбыл ауданы (Алматы облысы)