Пішінді өлең - өлең жолдары, сөздері немесе әріптері белгілі бір заттың, геометриялық пішіннің не символдың бейнесін құрайтындай етіп орналастырылатын поэзиялық шығарма түрі. Мұндай өлеңдер графикалық өлеңдер немесе өлең-графика деп те аталады. Оларда мәтіннің мазмұны мен сыртқы көрінісі өзара байланысып, көркемдік мағынаны толықтырады. Пішінді өлең көрнекі поэзияның бір түріне жатады. Оның ерекшелігі - өлеңді тек оқып қана қоймай, оның графикалық құрылымын да қабылдау қажеттігі. Мәтіннің орналасуы өлеңдегі негізгі ойды, бейнені немесе символды айқындауға көмектеседі.
Тарихы Пішінді өлеңдердің тарихы Ежелгі Грекия дәуірінен басталады. Біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларда өмір сүрген грек ақыны Симмий Родосскийдің «Жұмыртқа», «Балта» және «Эрос қанаттары» атты пішінді өлеңдері белгілі. Бұл шығармаларда өлең жолдарының орналасуы олардың мазмұнына сәйкес келеді. Орта ғасырларда пішінді өлеңдер діни әдебиетте де қолданылды. Өлең жолдары крест, жұлдыз және басқа да символдық бейнелер түрінде орналастырылды.
XVII ғасырда пішінді өлеңдер Еуропада, соның ішінде славян жазба әдебиетінде таралды. Симеон Полоцкий шығармашылығында крест пен жүрек тәрізді бейнелер құрайтын өлең үлгілері кездеседі. XX ғасырда поэзияның графикалық мүмкіндіктеріне қызығушылық қайта күшейді. Француз ақыны Гийом Аполлинердің каллиграммалары көркем мәтін мен бейнелеу өнерінің байланысын дамытқан танымал үлгілердің бірі болды.
Ерекшіліктері Пішінді өлеңнің негізгі ерекшеліктері: Графикалық пішін: өлең жолдары белгілі бір заттың немесе геометриялық фигураның сұлбасын құрайды. Мазмұн мен пішіннің байланысы: сыртқы бейне шығарманың тақырыбымен немесе негізгі ойымен үйлеседі. Көрнекілік: мәтіннің орналасуы оқырманның шығарманы қабылдауына әсер етеді. Көркемдік ықшамдық: сөз бен бейненің үйлесуі арқылы аз көлемде бірнеше мағыналық қабат берілуі мүмкін.
Пішінді өлеңдерде жүрек, крест, қанат, жұмыртқа, жұлдыз, ромб және басқа да бейнелер қолданылуы мүмкін. Дегенмен, графикалық пішіннің болуы өздігінен жеткіліксіз: ол шығарманың көркемдік мазмұнымен байланысқанда ғана маңызды қызмет атқарады.
Қазақстандағы көрнекі поэзия Қазақстан поэзиясында да поэтикалық мәтін мен графикалық бейнені ұштастыруға бағытталған шығармашылық тәжірибелер кездеседі. Бұл құбылыс әсіресе тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби-көркем басылымдар мен заманауи цифрлық шығармашылықта байқалады.
2024 жылы «Керуен» ғылыми журналында жарияланған Б. А. Нұрбосынова, Ж. Ж. Толысбаева және Г. Ю. Саитованың зерттеуінде Қазақстан авторларының көрнекі поэзиясы мен цифрлық технологиялардың әдебиетке ықпалы қарастырылған. Зерттеуде Лилия Калаус, Марат Исенов, Заир Асим, Отто Вайскопф, Алекс Швабауэр және Светлана Алексеенок сияқты авторлардың шығармашылық тәжірибелері аталады. Авторлар поэтикалық мәтінді суретпен, компьютерлік графикамен және басқа да визуалды элементтермен байланыстыру тәсілдерін талдайды. Мысалы, Лилия Калаустың 2003 жылы Алматыда жарық көрген «Избранные стихотворения и рисунки» атты жинағында өлеңдер мен графикалық туындылар ұсынылған. Оның «8 маленьких балерин» атты поэзиялық цикліндегі мәтіндер кейін компьютерлік графикамен толықтырылған. Марат Исеновтің «Третий голос» атты поэмасы да зерттеуде қарастырылады. Автор шығарманы интернет кеңістігінде ұсыну кезінде мәтіндік материалды Құрманғазының күйімен және визуалды бейнемен байланыстырады. Бұл мысалдар Қазақстандағы көрнекі поэзияның мәтін мен бейнені ұштастыруға бағытталғанын көрсетеді. Алайда көрнекі поэзияның мұндай үлгілерін өлең жолдары нақты бір заттың пішінін құрайтын пішінді өлеңдермен толықтай теңестіруге болмайды.
Дереккөздер
Санат:Поэзия